ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Алматы қаласының аумағында синтетикалық есірткі заттарын өткізуге қатысы бар есірткі тобының заңсыз әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, ҰҚК-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"2020 жылғы 16 сәуірде ҰҚКД қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын іске асыру барысында 300 грамм мөлшерінде синтетикалық есірткі өткізу кезінде Алматы қаласының «С» деген тұрғынын ұстады. Осы факт бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігі 1, 3-тармақшаларына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Соңғы кездері Алматы қаласының аумағында синтетикалық түрдегі есірткіні жасырын қолдан жасау және өткізу фактілерінің артуы байқалады", - делінген ҰҚК-нің ресми хабарламасында.
Атап айтқанда, соңғы уақыт ішінде ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті синтетикалық есірткі құралдарының заңсыз айналымының 16 фактісінің жолын кесті, заңсыз айналымнан 9 кг астам психотроптық зат пен 986 литр химиялық қоспа алды. Үш жасырын зертхананың әрекеті тоқтатылды. Есірткі бизнесімен айналысқаны үшін 13 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.