Қордайдағы қақтығысқа қатысты деген күдікті Алматыдағы изоляторда қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«29 сәуірде сағат 08.00-де Алматыдағы тергеу изоляторында тергеу үшін қамалған Қибаев Бекбол Мұхамедович өлі табылды. Камераластары оны сол қол білегінің тілінген күйі тапқан. Изолятор медициналық қызметкерлері оған бірінші медициналық көмек көрсетті. Алайда, оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жетіп, оның өлімін тіркеді. Марқұм қан жоғалтқаннан қайтыс болған», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Еске сала кетсек, ол Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Оның өлім дерегі бойынша Алматының арнайы прокурорлары соталды тергеу бастады. Бас прокуратура өкілдері оқиғаның мән-жайын әділ тергеуге және қоғамға жария етуге уәде берді.
Жалпы, мұның алдында Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 24 күдікті ұсталып, Алматыдағы абақтыға қамалғаны хабарланған.