Мақтарал ауданындағы су басқан Фирдауси ауылында қалып қойған қарияны полицейлер құтқарды. Жасы үлкен ақсақал дер кезінде шыға алмай, жалғыз өзі үйінде жатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қарияны қауіпсіз аймаққа шығарып, алғашқы көмек көрсеткен. Қазір қарияның жағдайы қалыпты. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары ауыл ішінде қалып қойған жылқыны қауіпсіз жерге айдап шығарды.
«Ауылымыз толықтай судың астында қалды. Үйлер құлап жатыр. Барлығымыз тек қажетті құжаттарымызды алып, қауіпсіз жерге шықтық. Қиын кезде көмек беріп жатқан жандардың баршасына рахметімізді айтамыз», - дейді елді мекен тұрғыны Тіллә Файзиев.
Айта кетейік, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен аумақта полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет атқаруда. Су басқан аймақтан адамдар мен төрт түлікті құтқару қызметін тәулік бойы жүргізуде.