Ақтауда бір топ адамның ұсталған сәті видеоға түсірілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz, "Ладаға" сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға 12 мамырда 5 шағын ауданда шамамен сағат 20.30-да болған. Ақтау тұрғындары полиция көліктерінің бір жерге жиналып қалғанын камераға түсірген.
Роликтен тәртіп сақшылары ер адамдарды үйден шығарып, полицияның "ГАЗеліне" отырғызып жатқанын көруге болады. Куәгерлердің сөзінше, 15-ке жуық адам тұтқындалған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, 12 мамырда Ақтау полиция басқармасының "102" нөміріне қоңырау түскен және 5 шағын аудандағы 4 үйде бір топ жас (10 адамнан көп) жиналғаны айтылған. Сол қоңырау бойынша Ақтау қаласы ПД патрульдік полиция батальоны шыққан.
"Оқиға орнында ұсталғандар Ақтау полиция басқармасына мәселенің мән-жайын анықтау үшін жеткізілді. Тұрғындарға үш адамнан көп болып, топтасып жиналуға тыйым салынатынын ескертеміз", - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.