22.05.2020, 10:20

Түркістандық жүкті әйел 20-ға жуық адамды алдап кеткен

фото: pixabay.com
Оның айтуынша, таныс емес әйел "мемлекет тарапынан ай сайын берілетін әлеуметтік көмекті алып беремін" деп сендірген.

Түркістан облысының полицейлері 20-ға жуық жәбірленушінің ақшасын жымқырған алаяқты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz

Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, таныс емес әйел "мемлекет тарапынан ай сайын берілетін әлеуметтік көмекті алып беремін" деп сендірген.

 Жәбірленуші 30 мың теңгесін беріп, алданып қалған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (алаяқтық) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәртіп сақшылары шұғыл әрекетке көшіп, күдіктіні іздестірді.

 Аудандық полицейлердің жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол жергілікті тұрғын, бұрын адамдарды "көлік жүргізу куәлігін алып беремін" деп алдаған, сотты болған жүкті әйел болып шықты. Тергеу барысында күдіктінің осындай 17 жайтқа қатысы бары анықталды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 800 мыңға жуық теңгені құрады.

 Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Жүктілігіне байланысты міндеттемемен босатылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сіз алаяқтың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, "102" телефонына шұғыл түрде хабарласыңыз. Тез арада берілген ақпарат қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.