10 жастағы бала түнгі сағат үш шамасында компьютер клубынан табылды. Баланың ата-анасымен әңгімелесу өткізіліп, мекеме әкімшілігі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың ювеналды полицейлері еріктілермен бірге қоғамдық орындарда түнгі уақытта балалардың заңды өкілдерінсіз жүруін анықтауда. Рейдтер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу мен ескерту, кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында жүргізілуде.
«Есіл ауданының ювеналды полиция қызметкерлері мамыр айының 18-ші жұлдызында түнгі сағат 03.00 шамасында елордалық компьютер клубының бірінен 10 жастағы баланы анықтаған. Аталған факті бойынша, баланың ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Сонымен қатар компьютер клубының әкімшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тыйым салынғанына қарамастан, жұмысын тоқтатпаған клуб иесіне қатысты материалдар аудан прокуратурасы мен әкімдігіне жіберілді.