25.05.2020, 02:10

Қазақстандық адмирал өзіне шығарылған үкіммен келіспей, аштық жариялады

Ол ҚР Қылмыстық кодексі 450-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін (ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану) кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге қамауға алынған.

Қазақстан әскери-теңіз күштерінің бұрынғы Бас қолбасшысы Жандарбек Жанзақов өзіне шығарылған үкімге наразылық ретінде аштық жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, ehonews.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Атап айтқанда, Алматы гарнизоны әскери сотының үкімімен бұрынғы адмирал ҚР Қылмыстық кодексі 450-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыс жасағаны үшін (ауыр зардаптарға әкеп соққан билікті асыра пайдалану) кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге қамауға алынған.

Оның қорғаушысы Әсел Тоқаеваның айтуынша, бұрынғы адмирал өзіне шығарылған үкіммен келіспейді. Ол оны әділетсіз және заңсыз деп санайды. Соған байланысты, наразылық ретінде аштық жариялады.

Адвокаттың айтуынша, қазір Жандарбек Жанзақов Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында. Әсел Тоқаева оның камерада жалғыз екенін жеткізді.

Ал Қазақстан Әскери соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Жандарбек Жанзақов Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскери құралымдарында, құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылған. Сондай-ақ, сотталушыдан мемлекетке 42 401 076 теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.