$ 494.87  520.65  4.91

«Тергеу жұмыстарында бір шикілік бар»: Алматы блок-бекетіндегі оқиға әдейі жасалған болуы мүмкін

«Блок-бекеттің ойранын шығарған BMW жүргізушісі бұрын полицияда жұмыс істеген» деген ақпарат – жалған ақпарат. Ол қазір де сонда қызмет жасап жүр. Менің күйеуім Дастанмен бірге түнгі ауысымға шығып жүретін», - дейді марқұмның жары.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Алматының іргесіндегі блок-бекеттердің бірінде екі полицейді өлтіріп, тағы біреуін ауыр жаралаған күдіктіге қатысты тың деректер пайды болды. Жантүршігерлік жол-көлік апатын жасаған адам құқық қорғау саласында қызмет кеткен. Жергілікті полиция мұны растады. Тек жуырда ғана қызметіне немқұрайлы қарағаны үшін жұмыстан босатылғанын жеткізді. Бірақ, марқұмның жақындары ресми ақпаратпен келіспейді, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Блок-бекеттегі бақылау бейнекамераларына жазылған таспаларды жалпақ жұртқа құқық қорғау органдары емес, желі қолданушылар таратты. Тіпті, қанды оқиғаға кінәлі адамның полицей екені жазылған хабарламар да тарады. Жазбаларға қатысты қалалық Полиция департаменті жауап берді.

«BMW маркалы автокөлікті жүргізген 1994 жылы туған азаматтың бұрын құқық қорғау органдарымен байланысы болған. Алайда, ол міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жұмыстан шығарылған. Бұрын погон таққан, 6 жыл полицияда жұмыс істеген. Қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін төрт рет тәртіптік жаза алды», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бірақ, Полиция департаменті ішімдік ішіп, көлік басқарған экс-әріптестерінің қашан жұмыстан кеткенін нақтыламады. Десе де, марқұм Дастан Әбдіқановтың жұбайы әлеуметтік желі арқылы ресми ақпаратты жоққа шығарды.

«Блок-бекеттің ойранын шығарған BMW жүргізушісі бұрын полицияда жұмыс істеген» деген ақпарат – жалған ақпарат. Ол қазір де сонда қызмет жасап жүр. Менің күйеуім Дастанмен бірге түнгі ауысымға шығып жүретін. Өз қолыммен екеуіне тамақ беріп, жұмысқа шығарып салғанмын. Өтінемін, шындықты айтыңыздар! Керемет әке, жақсы отағасын өлтірген қандықолды бүркелемеңіздер бұлай!» деп жазды ол Instagram парақшасына.

Осылай деген марқұм полицейдің жары бүгін отағасын жер қойнына тапсырды. Мемлекет басшысы қаза тапқан екі полицейді де «Айбын» орденімен марапаттады. Дегенмен, екі отбасын қара жамылтып, шаңырағын ойран еткен күдіктіге қатысты заңгердің айтар өз уәжі бар.

«Менің ойымша, тергеу жұмыстарында бір шикілік бар. Қылмыстық кодекстің 99-бабында қылмыс белгілі бір мақсатпен жасалуы мүмкін екені қарастырылған. Яғни, күдікті ішімдік ішіп көлікке отырды, өзі соғылған патрульдік көлікте адамдар отырғанын білді деп ойлаймын. Демек, ол қылмысты әдейі жасауы мүмкін немесе істеп жүрген ісіне есеп бермеді», - дейді құқық қорғаушы Жангелді Сүлейменов.

Айта кетейік, осы жантүршігерлік апатта тағы бір полицей оңбай жараланған еді. Ол сол сәтте бекеттен әрі-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған. Оның қалай жараланғаны әзірге белгісіз. Қазір оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер тер төгуде. Басынан ауыр жараланған полицейге ота жасалыпты.

«Науқастың жағдайы тұрақты ауырлықта. Бүгін бас-миына компьютерлі томография жасалды. Науқас өкпе желдету аппаратында. Жансақтау бөлімінде қарқынды ем жүргізуде», - дейді №7 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургы Ерлан Түбелбаев.

Департамент өкілдері қазір қос отбасының қара жамылуына себеп болған жүргізуішінің қамауда екенін айтты. «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары