29.05.2020, 22:05

Алматы облысында моншаға түспек болған 15 жастағы қыз кенеттен көз жұмды

30 мың тұрғыны бар Жетігендегі жедел жәрдем қызметіне ауылдықтардың көңілдері толмайды.

Алматы облысында моншаға түспек болған 15 жастағы қыз қайтыс болды. Қайғылы жағдай Іле ауданының  Жетіген ауылында кеше түнде болған. Жасөспірімнің естен танып қалғаны хабарланған, алайда жедел-жәрдем қажетті құрылғысыз келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әсем Оразова 4 күн бұрын 8 сыныпты бітірген. Үйіндегі моншаға түсуге кірген қызды анасы ес-түссіз жатқан жерінен көрген. Жасөспірімнің қанша уақыт талып жатқаны белгісіз.

«Оқиға болған кезде аулада қыздың анасы жүрген. Жылаған дауыстан соң бардық, әкесі қызын орындыққа жатқызып, оятуға тырысқан. Келген жедел жәрдемнің фельдшері қолымен жасанды тыныстандыру арқылы есін жидыруға тырысты. Қыз моншада құлаған. Бәрміз шошыдық», - деді күтпеген қайғыға тап болған Оразовтардың көршісі Эльмира Акчурина.

30 мың тұрғыны бар Жетігендегі жедел жәрдем қызметіне ауылдықтардың көңілдері толмайды. 25 шақырым жердегі аудан орталығынан кардиомобиль көлігі жеткенше көп уақыт кетеді. Шұғыл әрі жиі көмек көрсетуге арналған қажетті құрылғылар мен дәрілер, дәрігерлер ауылда жетіспейді.

«Ауыл үлкен, 10 км созылып жатыр. Фельдшер бір өзі ештеңе істей алмай тұрды.  Мен 103-ке қайта телефон соғып,  кардиомобиль машинасын жіберу керек екенін айттым. Кезекшілер фельдшердің өзі хабарласып сұрауы тиіс екенін, алайда кардиомобильдің басқа жақтағы естен танып жатқан адамға кеткенін айтты. Арнайы аппаратты қолданғанда басқаша болып, жас адамды оятып алар ма еді. Ата-анасы естерін әлі жинай алмай жатыр», - деді ауыл тұрғыны.

Оқиға 28 мамыр күні кешке болған. Жасөспірімді құтқарып қала алмаған жедел жәрдем қызметкері оның қайтыс болып кеткенін сол жерде жеткізген. Оқиға орынан полиция келген. Ал Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жедел жәрдем небәрі 4 минутта жеткенін айтады.

«2005 жылы туған науқас жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды. 28 мамыр күні сағат 21.35-те диспетчерлік қызметке қоңырау түсті. 21.39-да жедел жәрдем жеткенімен, бригада келген сәтте қызда өмір белгілері болмаған. Осыған байланысты реанимация және басқа да манипуляциялар алынып тасталды. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметкерлері барлық қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. 21.43-те биологиялық өлім анықталды. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.

Ауылдастары марқұм Әсем Оразованың сабақты өте жақсы оқығанын, кішкентайынан тахикардия сырқатына шалдыққанын айтады.

Тегтер: монша