Атырауда тергеу изоляторында отырған сотталушылар тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz, ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырауда тергеу изоляторындағы сотталғандар мен тергеудегі ер адамдар мекеменің қызметкерлеріне бағынбаған.
"2 маусымда Атыраудағы тергеу изоляторын (қамауға алынған, бас бостандығынан айырылған немесе ерекше режимде ұстау жазасына кесілген адамдарды ұстайтын мекеме) кешкі тексеру барысында 5 сотталған ер адам белгіленген режимді бұзып, қамауға алынған басқа адамдарды тәртіпсіздікке шақырған. Заңға қайшы басқа әрекеттер болмас үшін жоғарыда аталғандар тәртіптік изоляторға қамалды", - делінген хабарламада.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тәртіп бұзған 5 ер адамның ауыр және аса ауыр қылмыстары мен адам өлтіру, адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру, ірі көлемде ұрлық жасағаны үшін сотталғанын атап өтті.
"Оқиға орнына Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы, прокуратура өкілдері барды. Олар сотталғандардан жауап алып жатыр", - делінген хабарламада.
Тіркелген факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 428-бабы ("Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.