Қостанай облысында бір аптаның ішінде 5 адам суға батып, үш адам тірідей жанып кеткен. Ал, Петропавлда да тілсіз жаудан көз жұмғандар бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Астана арнасына сілтеме жасап.
Тобыл өңірінде өрт өршіп тұр. Өткен аптада аймақ көлемінде 41 жағдай тіркелген. Негізгі себептердің бірі электр сымының тұйықталуы. Алайда мамандар терек ұлпасын тұтатын тентектер мен темекі тұқылын тастай салатындардың салдарынан да өрт жиілеп кеткенін айтады.
Мамырдың алтысы күні Лисаков қаласындағы саяжайлардың бірінде өрт шығып, 35 шаршы метрді шарпып өткен. Үйдің ішіндегі үш адам қызыл жалынның құрбаны болды.
"Осы саяжайларда профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Өрттің себебі жаңағы отпен абайсыздықтан және темекі шеккеннен деген болжам қойып отырмыз. Жаңағындай балалардың тентектігі бар ойнап жаңағындай жағып жібереді. Одан кейінгісі мынау үлкен адамдар өтіп бара жатып темекіні лақтыра салады сөндірмей. Содан автокөліктің жануы да тіркеліп отыр. Өткен аптада 7 оқиға тіркелді. Оның бесеуіне жаңағындай терек лүпілінің себебі болып отыр", - деді Қостанай облыстық ТЖД бастының орынбасары Азамат Орымбаев.
Қанша ескерту жүрсе де қауіпсіздік ережелерін елемейтіндер көп. Соңғы 5 айда ғана облыста үш жүзге тарта өрт оқиғасы тіркелген. Оттан 12 адам қаза тапты.
"Отпен ойнаған" тұрғындар әкімшілік жауапқа тартылмақ. Өңірде жиыны 37 адамға айыппұл салыныпты. Жауапқа тартылғандар арасында балықшылар да бар.