Алматы маңындағы тауларда қойылған "видеотұзақтарға" қар барысының балаларымен бірге серуендеп жүрген сәті видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Біздің камерамыздан кезекті видео! Дана балалары өзінен үлкен болып кетсе де, оларды әлі асырап жүр! Олардың өз күндерін өздері көретін уақыт жетті!
Түйін, мысықтар жақсы көрінеді, терісі сау, бұл жақсы ғой", - деп жазды Ержан Еркінбаев Instagram парақшасында.
"Kazakh Tourism" ҰК АҚ басшысы Ержан Еркінбаевтың сөзінше, жабайы мысықтардың жағдайы жақсы.
Видеодан қар барысының балаларын еркелетіп, ағаштардың арасында серуендетіп жүргенін байқауға болады. Әлгі видеоны әлеуметтік желіден көргендер таңдай қағып, жануарлардың әдемі екендігін жарыса жазып жатыр.
"Әдемі", "Барысты сақтаңыздар, олар біздің мақтанышымыз", "Қандай әдемі!? "Қар барысы" деген смайлик пайда болса ғой", "Осындай әдемі дүниені түсірген сіздің еңбегіңізге рақмет!", - деп жазды жануарлардың сұлулығына тамсанған желі қолданушылары.
Естеріңізе сала кетейік, қазақ халқы ежелден барыстың тектілігін, батылдығын, айлалылығын пір тұтқан. Дәстүрлі жыл санауымыздың үшінші жылы Барыс жылы.