$ 494.87  520.65  4.91

«Сөйлей алмайтын қарындасын зорлады» деп айыпталған ер адамға қатысты сот үкімі шықты

Ол туысының үйіне барып, оған қамқор болып, массаж жасауға көмектесіп жүрген. Өзінің осы жағдайын пайдаланып, ешкім болмаған кезде мүгедек қызды қорлаған.
фото: aikyn.kz
фото: aikyn.kz

Ақтөбе қалалық сотында сөйлей алмайтын қарындасын қорлаған туысқан ағасына үкім шықты. Елуді еңсерген ер адам бауырының мүгедек қызын оңашада мәжбүрлеп, төсек қатынасына тартқан. Жантүршігерлік жағдай Қылмыстық кодекстің 120- бабымен тергеліп, ер адамның кінәсі сотпен дәлелденді, деп жазады KAZ.NUR.KZ

"Ақтөбе қалалық сотының үкімімен сотталушы бірнеше рет жасалған зорлау дерегі бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы талабы толық қанағаттандырылып 2 млн теңге төлеу міндеттелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі. 

Үкім шығарарда сотталушының кәмелеттік жасқа толмаған баласы бары ескерілген. Осыған дейін хабарлағанымыздай, жәбірленуші тарап өткен жылдың 10 қыркүйегінде сотқа арыз түсірген. ІІ топ мүгедектігі бар 28 жастағы қыз бала өзіне жасалған зорлықты туысқандарына айта алмаған. Анасы мінезі өзгерген қызының ыммен айтқандарын екі жылдан кейін ғана түсінген. Жәбірленуші туа бітті сал ауруына шалдыққан. Құлағы естімейді, сөйлей алмайды. 

 1966 жылы туған ер адам емшілікпен айналысады. Ол туысының үйіне барып, оған қамқор болып, массаж жасауға көмектесіп жүрген. Өзінің осы жағдайын пайдаланып, ешкім болмаған кезде мүгедек қызды қорлаған.

 "Оның жазасын бір Алла берсін. Әркім өз ісіне жауап беру керек. Қоғам осындай жағдайға назар аударса деймін. Менің қызым секілді қорғансыз жандардың ары тапталмаса екен. Мұндай адамдардың ісі сотқа жету керек. Мұның бәрін айту ата-ана үшін қиын. Бұл жағдай отбасымыздың абыройына нұқсан келтірді. Бізге өте қиын. Өз үйімде қызымды зорлаған. Әрбір бұрышы жиіркенішті, еңсемізді басады. Көшіп кетеміз деп үйді сатуға қойдық", - дейді жәбірленушінің анасы. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары