$ 444.22  476.38  4.82

Алматы облысында «бөтелкелесінің» көзіне пышақ сұғып, полициядан қашқан күдікті ұсталды (ВИДЕО)

Күдікті бұрында бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Алматы облысында полицейлерден қашқан қанішер ұсталды, – деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

21 маусым күні сағат 19:03 шамасында Алматы облысы Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне Қарасай ауданының Абай ауылынан Алматы қаласының № 7 қалалық клиникалық ауруханасына Қаскелең қаласының 30 жастағы тұрғынының сол жақ көзі пышақ жарақатымен жараланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Ауруханаға жеткізу кезінде ол көз жұмған.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы Абай кентінің 44 жастағы тұрғынының үйінде құрылысшылар жұмыс бригадасымен жөндеу жұмыстарын жүргізгенін анықтады. Қожайынға түскі үзілісте жәбірленушінің танысы келіп, өзімен бірге үш бөтелке арақ алып келген. Спирттік ішімдік ішу барысында жәбірленуші мен жұмысшылардың бірінің арасында жанжал туындаған, оның барысында табыс табу үшін келген Шымкент қаласының 22 жастағы тұрғыны асүй пышағымен жәбірленушінің көзінен ұрған. Ол бірден далаға шығып, қожайынының автокөлігін айдап әкетіп, ізін суытқан.

Қылмыстық құқық бұзушылық деректері бойынша ҚР ҚК 99-б. 1-б., 200-б. 1-б. сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.

“Тосқауыл” жоспары жарияланды. Рация бойынша хабар алған “Борт 200” патрульдік полиция ротасының экипажы құрамындағы полицейлер М.К. Батакбаев пен А. Ж. Амангелді “Алматы-Бішкек” автожолынан іздестіріліп жатқан автокөлікті көріп, оның ізіне түскен. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талабын еш елемеген. Көп ұзамай көмекке “Борт 190” және “Борт 24″патрульдік экипаждары жеткен. Полиция қызметкерлерімен қоршалған күдікті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан автожолдың 36-километрінде көлікті басқара алмай, аударылғаннан кейін ұсталды.

"Күдікті бұрында бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, қазір ол қамаққа алынды. Полицейлерге қылмыскерді ұстау үшін небәрі 30 минут уақыт қажет болды", – деп атап өтті Ақбота Қуанышбекқызы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары