Өзін "геймін" деп жариялаған қазақстандық Арман Хасанов ғашығын қайтара алмай жүр. Айтуынша, сүйіктісі Бекзат Мұқашевты ата-анасы ұрлап кеткен. Осыған дейін де ұлының гомосексуал екенін қабылдай алмаған әке-шеше қазір қос жігіттің ара-қатынасына қарсы көрінеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Осыған дейін ғашығымен Қазақстаннан асып кеткен Арман Хасанов қазіргі жағдайы туралы өз Instagram парақшасында жазды.
"Менің есімім - Арман. Қазақстандықпын және геймін. Сүйіктімнің аты-жөні - Бекзат Мұқашев. Бекзаттың ата-анасы ұлдарының гей екенін қабылдағысы келмейді. Олар бірнеше рет оны үйге қамап, ұрып-соғып, қорқытып, гомосексуалдықтан айықтыруға тырысты. Менің де соңыма түсіп, қорқытып жүрді. Біз Бекзат екеуміз қанша рет қашып кетсек те, оның ата-анасы бізді тауып, Бекзатты үйге қайтарып алды. Қаңтар айында олар Бекзаттың туа біткен гидроцефалия гей болуына әсер етеді деп ота да жасатты. Осылайша, Бекзат гей болмайды деп үміттенді. Кейіннен біз Ресейге қашып кеттік, бірақ наурыз айында Бекзат шетелдік төлқұжатын дайындау үшін Қазақстанға кетуге мәжбүр болды. Қазақстан карантинге жабылған соң ол елден шығып кете алмады",- деді ол.
Арманның айтуынша, 13 маусым күні Бекзатты ата-анасы тауып алып, ұрлап кеткен. Олар балаларын әлі күнге дейін үйде күштеп ұстап отырған көрінеді. Олар қос жігіттің байланысуына да, адвокатпен сөйлесуге де мүмкіндік бермей жатқан сыңайлы.
"Мен сүйіктім үшін күресте сіздерден қолдау күтемін. Берілмеймін және Бекзат үшін күресемін. Ата-анасы 29 жастағы ұлдарының гей екенін қабылдай алмай, оған психологиялық қысым көрсетіп отыр. Біз бірнеше рет полицияға жүгінгенімізбен, нәтиже жоқ",- деп жазды Арман.
Тағы оқи отырыңыз: «Бізді ешкім қабылдамайды»: Екі қазақ жігіті өздерінің «гей» екендігін мойындады (ВИДЕО)
Одан бөлек, Арман Хасенов өз парақшасында сүйіктісі Бекзат Мұқашевтың видеосын жариялады. Бейнежазбада Бекзат ата-анасын жақсы көріп, сыйлайтынын айтады. Ол әке-шешесінен өз шешімін қабылдауды сұрайды.
"Бәрі кеш болып кетпесе, бір күні бізді де түсініп, қабылдарсыздар. Мен үшін уайымдамаңыздар. Мен айғай-шусыз шешейік десем де құлақ аспадыңыздар. Молдаға, психологқа да апардыңыздар. Сіздер өз таңдауларыңызды жасадыңыздар, мен өз таңдауымды жасадым. Егер осылай жалғаса берсе, полицияға арыз тастаудан басқа амалым қалмайды",- дейді Бекзат Мұқашев.