29.06.2020, 00:26

Екі аяғы, екі қолы жоқ сәби дүниеге келді

Фото: stan.kz
Дәрігер мансабындағы алғашқы осындай жағдай екенін айтты.

Үндістанның Мадхья-Прадеш штатында қыз бала екі аяқсыз, екі қолсыз өмірге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Сәби 26 маусымда дүниеге келді. Дәрігерлердің айтуынша, бала WNT3 геніндегі мутациялардан туындайтын сирек кездесетін генетикалық аурумен - тетраамелия синдромымен дүниеге келген.

Синдром дененің әртүрлі бөліктерінде маңызды ақаулар тудырады. Көптеген жағдайларда өкпе дамымаған, дем алысы қиын немесе мүмкін болмайды. Тетраамелия синдромы бар балалар көбінесе өлі туады немесе туғаннан кейін көп ұзамай шетінеп кетеді.

Австралиялық Ник Вуйчич пен жапондық Хиротада Ототаке - тетраамелия синдромымен ауыратын ең танымал адамдар.

Аурухананың педиатры Суреш Аггарвал баланың жағдайы қанағаттанарлық екенін, дені сау екенін айтты. Тағы бір педиатр, Прабхакара Тивари бұл оның мансабындағы алғашқы осындай жағдай екенін айтты. Олар баланы одан әрі тексеруге алып барғысы келеді, оның өміріне ештеңе қауіп төндіріп тұрған жоқ.