Шымкенттегі элиталық ауданда үш ер адам мен бір әйелдің денесі табылды. Оқиға орнында екі атыс қаруы, оқ-дәрілер, қорғаныс құралы болған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қанды оқиға шілде айының 12-сі күні сағат 18.00 шамасында орын алған. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті Қаратау аудандық басқармасына сағат 18.20 шамасында жергілікті тұрғын хабарлаған.
Тәртіп сақшылары оқиға орнына келгенде Қара-бура көшесінің бойындағы нөмірсіз үйдің алдында "Toyota Corolla" маркалы автокөлігінің ішінде өлген екі ер азаматтың денесі жатқан. 32 және 40 жастағы ер адамдардың атыс қаруынан жарақаттанғаны анықталған. Көлік тұрған үйден 40 жастағы ер адам мен 28 жастағы әйелдің де мәйіті табылған. Көршілерінің айтуынша, үй иесі марқұм Ф. байсалды әрі білімді кісі болған.
Қазір қанды оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы сараптамалар тағайындалды.
"Оқиға болған орында айғақты зат ретінде екі атыс қаруы, оқ-дәрілер және қорғаныс құралы тәркіленіп алынды. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 99 және 287-баптарымен тіркеліп, тиісті сараптамалар тағайындалды.
Қазіргі таңда тергеу органымен орын алған оқиғаның нақты мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде. ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесі үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша басқа деректерді жариялауға болмайды," - деп мәлімдеді Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.