25.07.2020, 09:05

«Саусақтары сынған»: Шымкентте «ем алып жатқан» зейнеткердің мәйіті құрылыс алаңынан табылды

Оң жақ иығы мен шынтағы жырылып, жырымдалған. Біздің ойымызша, оны  әлдекімдер сүйреген сияқты.

Шымкентте провизорлық орталықта ем қабылдап жатқан зейнеткердің өлігі құрылыс алаңынан табылды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қария бірер күнде үйге барам деп туыстарына хабарласқан екен. Тек тәулік өтпей, оның сау тамтығы қалмаған буындырылған мәйіті табылған.

Надежда Кузминаның туыстары он күннен бері жұмбақ өлімнің себебін таба алмай жүр. 63 жастағы зейнеткер қызуы көтеріліп, әлсіздікпен политехникалық колледждегі провизорлық орталыққа 9 шілде күні жеткізілген. Төрт күн ем қабылдағаннан кейін туыстарына хабарласып, бірер күнде қайтамын деген екен. Бірақ әйелдің денесі 14 шілде күні орталықтың қарсы бетіндегі құрылыс маңынан табылды. 

 "Тамырға дәрі құятын сыммен буындырылған. Саусақтары сынған. Оң жақ иығы мен шынтағы жырылып, жырымдалған. Біздің ойымызша, оны  әлдекімдер сүйреген сияқты. Жанында аяқ киімі бар. Кейін ұялы телефоны мен аяқ киімін үйге алып кеттім", - дейді марқұмның туысы Светлана Адамова. 

 Надежда Кузминаның өлімі туралы медициналық анықтамасында "буындырып өлтірілген" деп жазылған. Марқұмның туыстары зейнеткерді қаскөйлер құрылыс маңындағы шұңқыр арқылы сүйреп алып өткен деп болжайды.

 "Қазір маған орталықтағылар менің танысымды осы жерден шықты деп айтып отыр. Есігі құлыптанған. Ойланып қараңышы, 63 жастағы әйел адам мына жерден шығуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Ал, артқы жағындағы дуалдың биікті үш метрдей. Ол жақта жол да жоқ", - деді Надежданың туысы Светлана. 

 Медициналық мекемеде жатқан науқастың жоғалғаны анықтала сала, полицияға хабар түскен екен. Тек сол маңайды шолған тәртіп сақшылары оны таба алмаған. Ал мәйітті құрылыс алаңының күзетшісі байқапты. Бірақ ол да «ештеңе көріп білгенім жоқ» деп отыр.  

 Провизорлық орталық басшысы Надежда Кузминаның емдік шаралардан шаршағанын және бірнеше рет үйге қайтаруды өтінгенін айтады. Бірақ ауруынан толық айықпаған әйелдің бақылауда болу керектігін айтып, жібермедік дейді. Диагнозын дәрігерлік құпия деп айтудан бас тартқан олар зейнеткердің өз аяғымен шығып кеткен видеосы бар екенін, бірақ тілшілерге бере алмайтынын айтты. 

"Біздің Политехникалық колледждің бас есігінен бөлек, спорт залдың маңында тағы да дарбазасы болатын. Сол дарбазадан шығып кеткен", - деді провизорлық орталық директоры Дәулет Ержанов. 

 Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары да басталды. Сауығу үшін емдеу мекемесіне түсіп, сау жері жоқ мәйіті құрылыстан табылған марқұмның жақындары бұл істі прокуратураның қадағалауға алуын талап етіп отыр.