Орталық базарда орналасқан ғимаратта өрт таңғы сағат алтыда шыққан. Құтқарушылар келген кезде жалын 300 шаршы метрді шарпып, бірінші қабаттағы 40-қа жуық азық-түлік дүңгіршегі отқа оранған. Араға екі сағат салып, жалынға тосқауыл қойылды, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
«Өрт жайында хабар таңғы төртте келіп түсті. Отты ауыздықтауға 16 техника мен 50 адам жұмылдырылды. Екі сағаттан кейін толық сөндірілді. Ғимараттың 450 шаршы метрі жанып кетті. «Біреу қасақана өртеді» деген болжам қарастырылмай отыр. Себебі, бейнекамераларды қарадық. Ешкім жолаған жоқ», - дейді СҚО ТЖД Өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары Николай Белоусов.
Бутиктерді жалға алып отырған кәсіпкерлер онда 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келген. Қазір саудагерлер күл-қоқысқа айналған тауарын шығарып, шығын көлемін есептеп жатыр. Сағы сынған бизнес өкілдерінің айтуынша, өнімнің тең жартысы бүлініпті. Жұмысынан қағылған жұрт не істерін білмей, абдырап қалды.
«Тауарларға түтіннің иісі сіңіп қалды. Енді олар тұтынуға жарамсыз. Сегіз тоңазытқыштың үшеуіне су шашырап, техника күйіп кетті. Енді бұл шығынды кім қайтарады? Кінәлі тарапты сотқа беру мәселесін бәріміз бірге шешеміз деп ойлаймын», - дейді жеке кәсіпкер Марина Марченко.
Ал оның әріптесі Татьяна Калинина өзінің сонда 2,5 миллион теңгенің тауары тұрғанын алға тартты. Басым бөлігі бүлініп қалған. «Енді бұл ғимаратты қалпына келтіргенше қай заман? Уақытша табыссыз қалдық», - деп налыды ол.
Төтенше жағдай мамандары өрттің нақты себебін анықтап жатыр. Жалпы шығын көлемі де әзірге белгісіз. Ал онсыз да табыстан қағылған жұртқа бұл «жығылғанға – жұдырық» болды. Олардың шығынын ешкім өтемесе, бірқатарының банкротқа ұшырауы да мүмкін.