Елорда тұрғыны, қазақстандық суретші Асхат Ахмедяров Көбейтұздан алған тұзды өз еркімен өткізу туралы шешім қабылдады. Ол желіде желдей ескен сөзге ілесіп, ел ішінде танымал болған қызғылт көлден тұз алып кеткен. Бұл жайлы суретші Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеше Көбейтұзда болып қайттық. Мен көлге тұзын қайтардым. Тұзды екі апта бұрын әкеткен болатынмын», - деп жазды Асхат Ахмедяров.
Айта кетсек бұған дейін Ерейментау ауданының әкімі мен мобильді бақылау тобы демалыс күндері адамдар көп шоғырланған «Көбейтұз», «Теңіз» көліне рейд ұйымдастырып, бұл көлге баруға тыйым салынғанын айтты.
Алайда аудан әкімі суретшінің өтінішін орындап, тұзды «иесіне» қайтаруға мүмкіндік берген.
«Блок-постта біз аудан әкімін кездестірдік. Жағдайды түсіндірдік. Жолымыз болып, ол біздің ниетімізді түсініп, өтіп кетуге мүмкіндік берді. Шенеунік көл маңайын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, көлден бір жүк көлігіне толы қоқыс шығарылғанын айтты», - дейді суретші.
Асхат Ахмедяровтың өзі де көл маңын тазарту жұмыстарына көмектескен екен. Еске сала кетсек бұған дейін COVID-19 ауруына қарсы «дәрі» ретінде Көбейтұз көлінің тұзының келісі әлеуметтік желіде 5 мың теңгеден сатылып жатқаны хабарланған болатын.