30.07.2020, 09:20

Тәжікстанда қызға қырындағаны үшін ер адамға айыппұл салынды

Тәжік әйелдері соңғы жылдары биліктен ер азаматтардың тіл тигізетін сөздерінен, жөнсіз қырындайтын іс-әрекеттерінен қорғауға шақырып келеді.

Душанбе соты 30 жастағы Косим Оевқа қызға қырындағаны үшін 406 сомони ($40) айыппұл төлеуді міндеттеді. Бұл жөнінде Сentralasian.org, Душанбе қалалық ішкі істер басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Сотта қаралған оқиға биыл 12 шілдеде болған. Жас әйел Facebook парақшасы арқылы басынан өткен жағдайды жариялаған. Ол жол бойында такси күтіп тұрғанда, Mercedes-Benz көлігімен келген ер адам оған тиісе бастаған. Ол келіншекке 100 доллар беремін деп, төсек қатынасына шақырған. Келіншек оған жауап ретінде қолындағы "Кока-Кола" бөтелкесін лақтырып жіберген. Осыдан кейін көліктегі ер адам оны балағаттаған.

Әйел милицияға шағымданған. 28 шілдеде Косим Оев ұсталып, ұсақ бұзақылық жасады деп әкімшілік жазаға тартылды.

Бұл Тәжікстанда "қырындауға байланысты" жаза қолданылған бірінші оқиға. Тәжік әйелдері соңғы жылдары биліктен ер азаматтардың тіл тигізетін сөздерінен, жөнсіз қырындайтын іс-әрекеттерінен қорғауға шақырып келеді.

Екі жыл бұрын да Душанбенің қыз-келіншектері қала әкімі, президент ұлы Рустам Эмомалиға қырындаған ер адамдарды жазалау жөнінде ашық хат жазған.

Қала әкімі сол кезде бұл мәселені шешуге уәде берген.