Алматы қаласының Түрксіб ауданында алапат өрт болды, деп хабарлайды Sputnik.
Жансүгіров көшесіндегі төрт қабатты ғимарат отқа оранып, әп-сәтте күлге айналды. Ғимараттың бірінші қабатында техникалық қызмет көрсету бекеті, екінші және үшінші қабатында дүкендер, ал төртінші қабатта бірнеше пәтер болған.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды тез ауыздықтауға тырысып бақты. Сондай-ақ, оқиға орнына басқа да жедел қызмет түрлері шұғыл жетті.
Ғимарат толықтай жанып кетті. Өрт салдарынан 1991 жылы туған ер адам зардап шеккен. Өрттің шығу себебін анықтаумен Алматы қалалық ІІД тергеушісі айналысып жатыр.