Таразда жеткіншектер дүкеннен сатып алған шарапты ішеміз деп, уланып ауруханаға түсті. Алғашында 14 жастағы бала ессіз күйінде подъезде табылса, кейіннен тағы бір 14 жастағы қыз жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Stan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Абырой болғанда, балалардың екеуі де аман қалыпты. Қазірігі кезде полицейлер оқиғаның мән-жайын тексеруде.
"14 жастағы зардап шеккен қыз бен оның танысы ықшам аудандағы дүкендердің бірінен үш құты сыра мен бір құты шарап сатып алған. Ішімдікке тойып алған қыз бала уланып, артынша ауруханаға түскен", - деді Тараз қалалық ПБ басшысы Асылхан Заурбеков.
Айта кетейік, елімізде қабылданған жаңа денсаулық туралы кодекске сәйкес енді барлық дүкен саудагерлері ішімдік пен темекі өнімдерін сатар кезде жеке куәлік талап етуге міндетті. Алайда кейбір сатушылар бұны ескере бермейді. Міне соның салдарынан осындай оқиғалар орын алады. Ал жеткіншектерге ішімдік сатқан дүкенші айыппұлмен құтылыпты. Айтуынша, балалар ересектерге ұқсағандықтан оларға алкогольді өнімді сатыпты. Ал құжат талап етуді ол ұмытып кетіпті.