19.08.2020, 23:23

Әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысқан 17 жастағы қыз полицейлерді аяғынан тік тұрғызды

фото: pixabay.com
Баламен ювеналды полиция қызметкері де, мектеп психологтары да жұмыс жүргізді.

Павлодар облысында тұратын 17 жастағы бойжеткен әлеуметтік желіде жігітпен танысып, Алматыға қашып кеткен. Бұл жайында Sputniknews.kz, облыстық полиция департаменті хабарлады.  

Май ауданының Жұмыскер ауылында тұратын бойжеткеннің анасы 31 шілдеде полицияға арызданып, қызының 25 шілде күні таңертең үйден шығып кетіп, содан бері оралмағанын айтқан.

Қызды іздеуге ауданның барлық полиция бөлімі жұмылдырылды.

"Жедел уәкілдер кәмелетке толмаған бала жоғалып кеткенге дейін "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы жас жігітпен сөйлескенін анықтады", - деп хабарлады полиция қызметкерлері.

Осылайша, полиция қызметкерлері 23 жастағы жігіттің тіркелген жеріне барған. Нәтижесінде үйінен қашып кеткен қыз Алматы қаласынан табылды.  

Тәртіп сақшылары жастардың әлеуметтік желіде танысып, бірнеше ай бойы хат алмасып, сөйлесіп жүргенін анықтады. Кәмелетке толмаған қыз анасына қайтарылды.

Баламен ювеналды полиция қызметкері де, мектеп психологтары да жұмыс жүргізді. Анасына әкімшілік іс қозғалды, деп толықтырды полиция.

Сондай-ақ, ана мен қыздың мінез-құлқы аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады.