Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті тірек пунктіне жасалған «шабуылға» қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.
Видео Instagram-дағы «Жалобы Астана» аккаунтында жарияланды. Кадрдан қара киім киген бір топ адамның ғимараттың есік-терезесін ұрғылап жатқаны байқалады.
«Бұл тірек пункті емес пе? Не болып жатыр? Оң жағалаудағы үйдің тұрғындары сенбі күні таңертең тарсыл-гүрсіл мен айғай-шудан оянып кетті», - делінген жазбада.
Ал қалалық Полиция департаментінің ақпаратынша, 22 тамызда Байқоңыр ауданы полиция басқармасының базасында оқу-жаттығу өткен.
«Кеңейтілген жедел тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Ол 23 тамызда да жалғасады», - деп мәлімдеді баспасөз қызметі. Сондай-ақ, полиция елордалықтардан жүргізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарауды сұрады.