24.08.2020, 13:00

Павлодар облысында жеңіл көлік өртеніп, 2 жастағы бүлдіршін көз жұмды

Фото: azattyq-ruhy.kz
Өткен демалыс күндері республикада балаларға қатысты 7 қайғылы оқиға болған, соның салдарынан үш бала қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді.

Төтенше жағдайлар комитеті ересектердің қарауынсыз қалған балалардың жағдайына қатысты оқиғаларға алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Соңғы айларда ата-аналарының балаларын далада немесе үйде қараусыз қалдырған соң орын алған қайғылы жағдайлар саны көбейіп кеткен.

Өткен демалыс күндері республикада балаларға қатысты 7 қайғылы оқиға болған, соның салдарынан үш бала қаза тауып, бесеуі ауруханаға жеткізілді.

22 тамыз түнінде елорданың «Есіл» ауданындағы «Пригородное» саяжай қоғамындағы тұрғын үйде қатты отынмен жанатын пештің ақауы, пеш мұржасының тазартылмауы салдарынан 2017 және 2012 жылы дүниеге келген екі бала иіс тиіп, ауруханаға жеткізілген.

22 тамыз күні кешке Нұр-Сұлтан қаласындағы 14 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалған 2016 жылғы қыз бала төртінші қабат терезесінен құлап, жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Сол күні Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылында Алакөлге шомылып жүрген 2012 жылғы баланы гидроцикл қағып кетіп, жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

22 тамыз күні Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы М.Жүсіп ауылындағы жекеменшік тұрғын үйде жеңіл көлік өртенді. Соның салдарынан күйік шалған 2018 жылғы қыз бала аурухана жеткізіліп, сол жерде қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша, өртке электр сымдарының тұйықталуы себеп болған.

23 тамызда Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы жекеменшік тұрғын үйдің ауласында 2010 жылғы бала абайсызда тереңдігі 4 метр жертөлеге түсіп кеткен. Ол ауруханаға жеткізілді.

23 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Жанғалы ауданының Жаңақазған кентіндегі жекеменшік түрғын үйдің ауласында үлкендердің қарауынсыз қалған 2016 жылғы қыз бала тереңдігі 2,5 метр ашық тұрған құдыққа құлап, батып кетті.

Сол күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы жекеменшік тұрғын үйдің ауласында ересектердің қарауынсыз қалған 2012 жылғы бала қолдан жасалған әткеншек теуіп жүріп қаза тапты.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмай, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауын сұрайды.