19.09.2020, 20:05

Қарағандыда өртенген пәтерден ер адамның мәйіті табылды

фото: pixabay.com
Жалын шарпыған аумақ 15 шаршы метрді құрады.

 Қарағанды қаласының өрт сөндірушілері қаланың орталығындағы өртеніп жатқан пәтерден ер адамның мәйітін тапты. Олар 3 адамды құтқарып, үйдің 9 тұрғынын эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

18 қыркүйек күні сағат 22:29-да Қарағанды қаласындағы Н.Әбдіров даңғылында өрт болып жатқаны туралы хабар түсті. Өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына жеткенде, 4-қабаттағы пәтерде жиһаздар бен заттар қызыл жалынға оранған еді.

 «Пәтерді шолу кезінде 1968 жылы туған ер адамның денесі табылды. Подъезд қатты түтінге оранғандықтан құтқарушылар құтқару қалпақтарының көмегімен подъезд пәтерлерінен 3 адамды құтқарды, оның біреуі бала. Сондай-ақ баспалдақтан 9 адамды эвакуацияланды, оның екеуі бала, - деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі. 

Өрт 22:54-те толық сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 15 шаршы метрді құрады. Өрттің және адам өлімінің себебі анықталып жатыр.