09.10.2020, 00:09

Алматыда экстремал көпір үстінде қауіпті трюк жасады (ВИДЕО)

Фото: видеоан скриншот
Видеодан ер адам көпірдің үстінде аяғын көтеріп, қолмен жүріп бара жатқанын көруге болады.

Алматыда Саин көшесі бойындағы көпірде қауіпті трюк жасаған экстремал полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экстремалды таспаға түсіріп алған куәгерлер бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеген. Видеодан ер адам көпірдің үстінде аяғын көтеріп, қолмен жүріп бара жатқанын көруге болады.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, адамдар 102 пультіне көпірдің үстінде жүрген адам туралы хабар берген. Патрульдік полиция экипажы оны тергеу үшін Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізді.

«Белгілі болғандай, 25 жастағы А. есімді азамат, өзінің кәсіби акробатикамен айналысатынын айтқан. Осы кезде досы оны дронмен видеоға түсіріп жүрген. Олар бір бейнеролик дайындап жүрген. Қазіргі уақытта оның әрекеттері ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңның 434-бабы бойынша жіктелді. Ол ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылады», - деп хабарлады полициядан.

Тегтер: Алматы көпір