13.11.2020, 12:20

Қостанай облысында екі адамның мәйіті табылды

фото: pixabay.com
Қазіргі уақытта олардың жеке бас мәліметтері анықталуда. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.

Қостанай облысы ТЖД қызметкерлері өртенген сарайдан екі адамның мәйітін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға бүгін Қостанай-2 шағынауданындағы жеке тұрғын үй секторы аумағында болған.

 «13 қараша күні сағат 05-15-те ТЖД кезекші пультіне Мостовая көшесінің бойындағы жеке меншік тұрғын үй аумағынан өрт шыққандығы туралы ақпарат келіп түсті. Онда шаруашылық құрылысына арналған сарай өртенген. Оқиға орнына шұғыл түрде 12 құтқарушы және 2 өрт сөндіру техикасы жіберілді. Өрт аумағы 25 шаршы метрді құрады. Ашық жалын сағат 05-44-те толығымен сөндірілді», делінген ведомство хабарламасында. 

Өртенген сарай орнынан күйік шалған 2 адамның мүрдесі табылды. Қазіргі уақытта олардың жеке бас мәліметтері анықталуда. Үй иесінің айтуынша, өртенген сарай отын сақтау үшін қолданылған. Өрттің шығу себебі белгісіз. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.