Оралда 15 жастағы қыз әке-шешесіне ескертпестен жат діни ағымдағы 29 жастағы жігітке күйеуге тиіп кеткен. Қыркүйектің 16-да тіркелген оқиғаның анық-қанығын тәртіп сақшылары бүгін ашып айтып отыр, деп хабарлайды Астана арнасы.
Келтірілген деректерге қарағанда, 15 жасар мектеп оқушысы қыркүйектің ортасында із-түссіз жоғалып кеткен. Іздеу салып шешесі полицияға арызданыпты. Ақыры тәртіп сақшылары, кәмелеттік жасқа толмаған қыздың, дәстүрлі емес діни ағымдағы 29 жасар жігітке күйуге тиіп кеткенін анықтапты. Дерек бойынша, «16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болды", деген айыппен іс қозғалған. Алайда, ол тоқтап қалуы мүмкін. Өйткені, қыздың анасы арызды қайтып алған.
"15 жастағы қыздың анасы жасөспірім қызын сот-медициналық сараптамадан, өзге де биологиялық тексерістерден өткізуден түбегейлі бас тартып отыр. Жалпы медициналық тексерістен өткізуге қарсылық танытты. Қызының айтуынша, мен төсек қатынасында болған жоқпын дейді. Ал ер азаматтың айтуынша, керісінше мен болдым дейді", - деп БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков ақпарат берді.