Қазақстан Әскери соты Қордайдағы қақтығыста ұсталған төрт адамның түрмеге қамау түріндегі жазасы жойылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
19 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктерге байланысты сотта жеті адамға қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіппен қаралды.
Алғашқыда олардың үшеуі аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бес, жеті және тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған. Тағы төртеуі жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны және қатысқаны үшін үш және төрт жылға сотталған болатын. Олардан 24,7 және төрт миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын, сондай-ақ моральдық зиян ретінде миллион теңге өндірілді.
"Апелляцияда төрт сотталған адамның жазасын жеңілдету туралы жәбірленушілердің пікірі, мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының ұстанымы, істі жеңілдете алатын жағдайлар жиынтығы, жаппай тәртіпсіздіктер барысында әрбір сотталған адамның жеке іс-әрекеті назарға алынды.
Сондықтан сот алқасының қаулысымен жеті сотталушының төртеуінің жазасы бас бостандығынан айырудан, бас бостандығын шектеу түріндегісіне өзгерді. Басқа үш адамға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды, өйткені олар жәбірленушіге 24 миллион мөлшерінде материалдық шығын өтемеді, олардың екеуі қылмысты қайталап жасаған", - деп хабарлады Қазақстан Әскери сотының баспасөз қызметі өкілі.
Қақтығыс қатысушыларына қатысты алғашқы сот қыркүйектің соңында өткен болатын. Содан кейін шығарылған сот үкіміне сәйкес, ер адамдар үш жылдан сегіз жылға дейін темір торға тоғытылған еді. Алайда олар үкіммен келіспеді.
Еске салайық, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған еді. Жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан. Ауқатты және Бұлан Батыр ауылдарында жанжал шықты. Бұзақылар металл заттарын, атыс қаруын қолданған болатын.