Батыс Қазақстан облысындағы тасжолда жантүршігерлік апат болды. Екі көліктің соқтығысуы салдарынан үш адам қаза тапты. Жарақат алған тағы үш жолаушы ауруханада жатыр, деп хабарлайды Stan.kz.
Жол апаты 29 қараша күні түстен кейін Казталовка - Чапаево тас жолының 16 шақырымында болған.
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, "Волга" және "Лада грант" автомобильдері соқтығысқан.
"Оқиға орнында "Лада" көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапты. Казталов аудандық орталық ауруханасына "Лада-гранттың" екі жолаушысы мен "Волга" жүргізушісі жеткізілді", - деді ведомствоның баспасөз қызметінде.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, апат салдарынан 52 жастағы әйел және екі ер адамның қаза болған, олардың біреуі шамамен 40-50 жаста, екіншісі 1989 жылы туған.
"17 жастағы жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Оның сүйектері сынған. 27 жастағы әйелдің де көп жері сынған, ол комада жатыр. 69 жастағы ер адам бас миы шайқалып, жарақат алған", - деп хабарлады басқармада.