05.12.2020, 16:30

Қарағанды облысында өрт салдарынан үш адам ажал құшты

Фото: inform. kz
Оқиға орнында 1957 жылы туған ер адам және 1962 жылы туған әйел қаза болды.

Қарағанды облысында өткен тәулікте өрттен үш адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, 4 желтоқсан күні сағат 12.28-де Абай қаласында бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шықты. Үй заттары мен ағаштан жасалған терезе жақтаулары жанған. Өрттің 5 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар баспалдақ арқылы 2 адамды эвакуациялады. Жалын сағат 12.45-те толық сөндірілген. Оқиға орнында 58 жастағы пәтер иесінің денесі табылды. 67 жастағы ер адам көмірқышқыл газына уланып, ауруханаға жатқызылды.

«Сондай-ақ, 5 желтоқсанда сағат 07.34-те Шахтинск қаласының Шахан кентінде бес қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде өрт шықты. 40 шаршы метр аумақ жанған. Өрт сөндірушілер кіреберістен баспалдақ арқылы 3 адамды эвакуациялады. Оқиға орнында 1957 жылы туған ер адам және 1962 жылы туған әйел қаза болды. Қабылданған шаралардың арқасында жалын сағат 08.45-те сөндірілді. ТЖД бөлімшелерінен 16 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, өрттің себебі ашық от көзі (сіріңке, темекі, шам және т.б.). ҚР ТЖМ барша азаматтардан өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады», - деді Т.Уәли.