08.12.2020, 15:40

Павлодар облысында 26 жылқының өлігі табылды

Төрт автокөлікпен 20-ға жуық полиция қызметкері далада жоғалған жануарларды іздеді.

Бірнеше полиция экипажы жоғалған жануарларды іздеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 желтоқсанда Аққулы ауданының полициясына шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Қазы ауылынан он шақырым жерде орналасқан жайылымнан белгісіз біреулер  26 бас жылқысын ұрлап кеткенін айтқан. Бірнеше күн бойы иесі жоғалған малды өз бетінше табуға тырысқан, бірақ  таба алмаған соң полицияға  жүгінген. 

Аталған факті бойынша полицияның жеке құрамы мен ауданмен шекаралас өңірлерге бағдар берілді. Бірнеше мобильді топтарға бөлініп, полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды мұқият аралап, барлық шаруа қожалықтары мен жайылымдық жерлер, фермалар тексеріліп, куәгерлер сұралды. Төрт автокөлікпен 20-ға жуық полиция қызметкері далада жоғалған жануарларды іздеді.

"Іздеу шараларының нәтижесінде 6 желтоқсанда Қазы ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Бөрлі көлінен мұзға қатып қалған 26 өлген жылқы табылды", - деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Тасқын Бодиев.

Полиция ауыл тұрғындарына қырағы болуды және малды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.

Бұған дейін Ертіс алқабында жайылып жүрген жылқылардың иелеріне үлкен айыппұл салынатыны туралы хабарланған болатын.