$ 443.85  474.3  4.8

«Ұятсыздар!»: Щучьеде бір топ ата-ана прокуратураға арыз жазды

«Өзім де шошып кеттім. Ол тәрбиешіден мұндайды күтпеп едім. Бірақ бейнебақылау камерасындағы жазбаны ашып қарауға рұқсат еттім».
фото: pixabay.com
фото: pixabay.com

«Щучьедегі тәрбиешілері тәртіпсіз балабақшаның басшысы да жазалансын». Атышулы «Мерей» балабақшасына жиналған ата-аналар осындай талап қойды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Себебі, Бурабай аудандық мәслихатының депутаты Гауһар Хамзинаның иелігіндегі мектепке дейінгі мекеме бір жарым жылдан бері жұмыс істеп тұрса да, қожайынын ата-аналар бірінші рет көріп тұр екен.

Ал онсыз да жұмысы бастан асатын депутат балаларға көңіл аудармай, 2 балабақша мен шағын орталықты  монитордан басқарып отырады дейді.

Ата аналардың жағасын ұстатқан оқиғадан кейін «Мерей» балабақшасындағы тәрбиесіз тәрбиешілер жұмыстан қуылып, орнына жаңа қызметкерлер келді. Бүгін мекеме жұмысын жалғастырып жатыр. Бірақ балалары зардап шеккен ата-аналар балабақша қожайындары да жазасын алсын дейді. 

Ашуға мінген бір топ ата-ана балабақшаға келіп, жекеменшік мекеме қожайындарының үстінен прокуратурға арыз жазды. Бүлдіршіндерді желкелеп жылатқан тәрбиешілердің әрекеті үшін басшылары да жауапты дейді олар. Бірақ осы уақытқа дейін отбасы бизнесіне айналдырған балабақшалар иесі ата-аналар алдында төбе көрсетпепті». Бұл жолы олар Хамзина ханымды көрмейінше кетпейміз» - десті. Өйткені перзенттерінің тәрбиешіден көрген құқайы жандарына батқан.

«Балам үйге бақшадан келгенде томаға-тұйық болып, томсырайып бұғып алатынды шығарды. Сенесіздер ме, денесінде талай көгергенді байқадым. Бірақ бала ғой, соғып алған шығар деп ойлағам. Кім білген мұндай сұмдықты?! Бұны бұлай қалдырмаймыз! Сол тәрбиешілерге жауапты басшылар да жазаға тартылсын!», - деді тәрбиеленушінің әкесі Руслан Ізбасов.
 
Басшылар деп тұрғаны – мекеменің жеке қожайындары. Айтуларынша, «балабақша бизнесін» қалай ұйымдастырып отырғанын  бақылау камерасынан көргенде ата-аналар таң қалған. Өйткені карантин басталғалы баланы есіктен кіргізіп кетуге ғана рұқсат етілген. Ал мына кадрда еден  жуатын да, тамақ беретін де, балаларды ұйқыға жатқызатын да екі тәрбиеші. Басқа қызметкер жоқтың қасы. Есесіне депутаттың күйеуі осы мекемелердің қаржы директоры, баласы – заңгер. Отбасылық бизнесті дөңгелеткендер өзін ақтап әлек. 
«Ұйықтап жатқан баланы тұрғызып жіберді. Әкел, өз балаңды осында. Сенің балаңа тап солай істейік. Ұятсыздар!».
 
«Өзім де шошып кеттім. Ол тәрбиешіден мұндайды күтпеп едім. Бірақ бейнебақылау камерасындағы жазбаны ашып қарауға рұқсат еттім. Дәл осындай жағдайлар барын білсем, ашар ма едім. Енді жұмыстан шығардық қой. Басқа не істеуім керек? Мұнда меңгеруші бар.Сондықтан ортақ монитордан басқа балабақшада отырып қараймын», - деді «Мерей»ЖШС құрылтайшысы Гауһар Хамзина.

Бірақ ортақ мониторы бар мекеме иесі балаларды орындығынан құлатып, жұлқылап киіндірген, ұйқысынан жұлмалап оятқан тәрбиешілерді осы уақытқа дейін байқамапты. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Ал ата-аналар прокуратураға арыз жазған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары