20 жасар қыз полицияға тонау фактісі бойынша жүгінген. Жәбірленушінің айтуы бойынша ол телефон арқылы көшеде сөйлесіп келе жатқанда кенеттен өзін біреудің итеріп жібергенін сезген. Артынша таныс емес ер адам оның қолынан ұялы телефонын жұлып алып, белгісіз бағытқа қарай қашып кетіп жасырынған. Бұл жайлы Skifnews.kz ақпарат порталы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ПД-не сілтеме жасап хабарлайды.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД «Сарыарқа» ауданы ПБ қызметкерлері жеке бас белгілері бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті адамды анықтаған. Тонаушы елорда мектептерінің бірінде оқитын 15 жасар жасөспірім болып шыққан. Кәмелеттік жасқа толмаған баланың бұған дейін заңмен проблемалары болмаған және толық қолайлы отбасында тәрбиеленуде.
Тергеу барысында бұл мектеп оқушысы жасаған алғашқы тонау емес екені анықталды. Ағымдағы жылдың қараша айында тәуліктің түнгі уақытында ол баласымен үйіне қарай келе жатқан әйел адамның сөмкесін қолынан жұлып алған.
Полицияға жүгінген жәбірленушінің айтуынша ол ер адамға қарап үлгермеген, қызы үшін қатты қорқып кеткен. Ұрланған сөмкесінде жеке бас куәлігі, банк картасы, ішінде шамалы ақшасы бар әмиян болған.
Кәмелеттік жасқа толмаған бала екі тонау фактісі бойынша мойындау айғағын берді, сондай-ақ ұрланған әйел сөмкесін белгісіз жерге лақтырып жібергенін, телефонды қолдан өткізгенін айтты.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оның бұған дейін елорда аумағында жасалған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Қазіргі уақытта жасөспірім ата-анасына тапсырылды, сондай-ақ әрі қарай бақылауда ұстау үшін тұрғылықты жері бойынша ювеналдық полиция бөлімшесіне есепке қойылады.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағандары үшін жауаптылық көзделгенін ескертеді және балалардың үйден тыс кездегі жүріс-тұрысына ерекше мұқият болуларын сұрайды.