Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада болған апаттан бір адам қаза тапты. Құтқарушылар үйінді астында қалған кеншінің денесін алып шықты. 37 жастағы Николай Шадиров метан газы атылғанда өзгелермен бірге қашып шығып үлгермеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.
"Машинистің көмекшісі Мұхтахов пен кенші Изячин апат болған сәтте жоғары қарай қашып үлгерген. Шадиров ұңғымадан шыға алмай қалған", - деп хабарлайды ҚР ТЖМ Қарағанды облысындағы өндірістік қауіпсіздік департаментінің бастығы Кеңгірбай Есенеев.
Ал 52 және 23 жастағы екі кенші газға тұншыққан. Қазіргі жағдайлары орташа, үш күннен соң үйіне шығарылады. Ал газ атылғанда үйінді астынан шыға алмаған Николай Шадировтың денесін құтқарушылар түстен кейін ғана тапты. Артында кәмелетке толмаған екі баласы мен жары қалды. Марқұм шахтада 16 жыл жұмыс істеген. «Арселор Миттал» компанаиясы оның отбасына заңнамаға сәйкес өтемақы төлейтінін хабарлады.
Шахтадағы апат 13-қаңтарда кешкі сағат 9-дан кете болған. Апаттан соң жер астындағы 136 кенші шұғыл түрде шығарылыпты. Қазір кен орнының жұмысы уақытша тоқтатылған. Арнайы комиссия апат себебін анықтауға кірісті.