Қытайдың Цзянсу провинциясының тұрғыны иегіндегі безеуді сығып, бір ай бойы жансақтау бөлімінде жатты, деп хабарлайды Stan.kz Daily Mail-ге сілтеме жасап.
Чен есімді ер адам ауруханаға желтоқсанның басында түскен. Ол ернінің астындағы безеуді өздігінен қысып алғаннан кейін қатты ауырып қалғанын айтты. Оның температурасы көтеріліп, тыныс алуы бұзылған, аузы ісінген және қызарған. Шошып кеткен әйелі оны дәрігерге апарды.
Тексеруден кейін дәрігерлер Ченде екі жақты пневмония дамығанын анықтады. Ер адам жансақтау бөліміне жіберілді. Науқас жағдайы тұрақталғанға дейін бір ай қарқынды терапия бөлімінде болды. Ол әлі қарапайым палатаға ауыстырылған жоқ.
Доктор Чжу науқас безеуді шығарғаннан кейін оның ауызына инфекциясы түскенін түсіндірді. Ол тыныс алу жолымен түсіп, өкпенің қабынуына және өкпенің коллапсына әкелді.
Дәрігер безеуді ешқашан өз бетімен ұстамауға шақырды, әсіресе "өлім үшбұрышы" деп аталатын аймаққа қол тигізбеген жөн. Чжу егер бұл аймақтағы безеудің айналасындағы терінің қызаруы, ісінуі немесе ауырсынуы байқалса, дене қызуы көтерілсе, дереу дәрігермен кеңесу керек екенін атап өтті.