$ 444.22  476.38  4.82

Нұр-Сұлтанда 26 жастағы жігіт көпірден секіріп өлмек болды (ВИДЕО)

Жағдайды бағалаған полицейлер жігітпен алыстан сөйлесіп, көңілін басқаға аудармақ болды.

Нұр-Сұлтан полицейлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше кешкі 19:15 кезінде Нұр-Сұлтан қаласының Жедел басқару орталығына көлікке жанармай құю стансасының қасындағы көпірден ер адамның секіруге әрекеттеніп тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Патрульдік полицияның екі экипажы оқиға орнына үш минутта келіп жетті.

Жас жігіт көпір таянышын ұстап, темір жолға секіруге дайындалып тұрды. Жағдайды бағалаған полицейлер жігітпен алыстан сөйлесіп, көңілін басқаға аудармақ болды.

Осы уақытта патрульдік полиция қызметкері Жандос Тұрашев оңтайлы сәтті пайдаланып, жігітке жақынырақ келіп, оны қатты қапсырып ұстап алды.

Жас жігіт қарсылық танытып, бастаған ісін аяқтамақ болған. Полицейлердің жедел әрі ретке келтірілген іс-әрекетінің арқасында ер адамның өмірі аман қалды.

Елорданың 26 жастағы тұрғыны қалалық ауруханаға жеткізілді, мұнда оған медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары