Жапония премьер-министрі Йосихидэ Суга карантин шектеулеріне қарамастан түнгі клубтарға барған шенеуніктердің әрекеті үшін кешірім сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Жапония Үкіметі мейрамханалар мен барларға қатысты қатаң шаралар қабылдағанына қарамастан, басқарушы коалицияның бірнеше шенеунігі түнгі клубқа барған. Карантинге байланысты мұндай мекемелерде алкоголь сатылымы кешкі жетіде тоқтап, жұмыс уақыты бір сағатқа қысқарған болатын.
"Халықтан кешкі сегізден кейін үйден тыс жерде тамақтанбауды және маңызды емес серуендерден аулақ болуды сұрап отырғанда, осылай болғаны өте өкінішті. Әрбір заң шығарушыны қоғам түсінуі үшін, ол өзін тиісті түрде ұстауы қажет", - деді Суга.
Басқарушы либералды-демократиялық партияның жоғары дәрежелі депутаты Джун Мацумото дүйсенбіде Токионың Гиндза ауданындағы екі түнгі клубқа барғанын ашық мойындағандардың бірі болды.
"Өзіміз басқа адамдардан шыдамдық сұрап отырғанда менің бұл әрекетім ыңғайсыз болды", - деді депутат.