Алматыда көлік жөндейтін орталық өртеніп, 20-ға жуық көлік жанып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2 ақпан күні кешкі 21:52 шамасында Бостандық ауданы Сәтпаев көшесі, 139 мекенжайында орналасқан көлік жөндейтін орында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде тілсіз жаудың жан-жағындағы өзге де нысандарға жайылу қаупі бар екенін анықтады.
Соңғы мәліметке сенсек, 20 автокөлік жанып кеткен. 4 автомобильге ыстық жалынның әсерінен зақым келген. Тағы 15 машина эвакуацияланған. Жалын шарпыған аумақ - 600 шаршы метр. Ал ғимараттың жалпы аумағы - 1300 шаршы метр.
Түнгі 23:09 кезінде өрт ауыздықталып, 23:47 кезінде толық сөндірілді.
От көлік жөндейтін нысанның жанында орналасқан жанармай құю бекетіне жайылмады.
Зардап шеккен ешкім жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.