Солтүстік Қазақстан облысында үй өртеніп, төрт адам қаза тапты. Арасында үш жасар бала бар. Шырт ұйқыда жатқандар өрт шыққанын сезбей қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға Петропавлдан екі жүз шақырым жердегі Булаево қаласында болған. Таңғы сағат жеті шамасында лаулап жанып жатқан үйді көршілері көреді. Дереу 101 қызметіне хабарлағанымен, тым кеш еді. Өрт сөндірушілер келгенше, үйдің төбесі ортасына түскен. Онымен қоса іштегі газ баллоны жарылған.
Күл арасынан тірідей жанып кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды. Олардың үш жасар баласы да қызыл жалынның құрсауында қалған. Ал төртінші адам – қонаққа келген үй иесінің әпкесі екен. Ерлі-зайыптының үлкен қызы аман қалды. Ол сол күні әжесінің үйіне қонып қалған.
Көршілері марқұмдардың қарапайым, қақ-соқпен шаруасы жоқ жандар екенін айтады. Теріс қылығымен ешбір жерде есепке тұрмаған.
"Бұл отбасының қызы ғана өрттен аман қалды. Ол әжесінің үйінде қоныпты. Бала қайғылы оқиғаны естіп қатты қорқып қалған. Қазір бүлдіршінмен біздің психолог мамандар жұмыс істеп жатыр", - деді СҚО ТЖД мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.