Шымкентте дәрігерлер 4 жасар баланың асқазанынан бір уыс шаш алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, 9 ақпан күні қалалық клиникалық балалар ауруханасына жедел жәрдеммен 4 жасар қыз жеткізілген. Ата-анасының айтуынша, балақайдың асқазаны ауырып, мазасызданып жүрген.
«Дәрігерлер баланың асқазанын ФГДС аппаратымен тексеріп, іште бөгде зат бар екенін анықтады. Бұған қоса, науқаста ауыр дәрежелі қан аздығы болған. Іштегі бөгде затты алу үшін хирургтар операцияның алдында науқасқа қан құйды. Кейіннен отаға дайындап, үшінші тәулікте қыз балаға операция жасалды. Медицина мамандары отаны ашық түрде жасап, 4 жасар қыздың асқазанынан ұзындығы 18 см болатын бір уыс шаш алып шықты», - деді басқармадан.
Күрделі отаны қалалық клиникалық балалар ауруханасының білікті мамандары – хирургтар Сұлтанғали Сарыбай, Әкім Түлкібаев, анестезиолог-дәрігер Шұхрат Құрбанбаев жасаған.
«Шаштың көлемі үлкен болғаны соншалық асқазанның 90 пайызын жауып қалған. Соның салдарынан бала дұрыс тамақтана алмай, мазасызданған. Операция сәтті өтті. Қазір қыздың жағдайы жақсы. Ата-аналарға айтарымыз, баланы қараусыз қалдырмаңыздар», - дейді хирург Әкім Түлкібаев.
Қазір балдырған дәрігерлердің бақылауында. Оны апта соңында үйіне шығару жоспарлануда.