$ 442.05  474.14  4.74

«Құдай үшін...»: ашулы алғабастықтар шенеунікті батпақтың үстімен сүйреді (ВИДЕО)

Жауапкершілікті бір-біріне ысырған басшылық, ақыры батпаққа қатысты пікірін білдірді. Айтуларынша, құбырды салған бойда жолды тегістетіпті.

Алматы тұрғындары әкімнің отставкаға кетуін талап етті. Өйткені белуардан балшық кешіп жүрген жұрттың басқа амалы жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап. 

Алғабас ауылы қала аумағына кірген кезде су құбырын жүргізу жұмысы басталған екен. Сол үш жылдан бері аяқталмай, қазір көшедегі батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес.

 Тұрғындар аудан әкімін лайдың ортасына шақырып еді, орынбасары ғана келді. Ашуға булыққан алғабастықтар сол шенеунікті мердігер компанияның басшысымен бірге батпақтың үстімен жүргізді.  

Балтырына дейін батпақ жабысқан – қалаға қарайтын ықшамауданның тұрғындары. Бірақ олар өздерін қала тұрғынымыз деп айтуға ұялады. Үш жыл қатарынан аяғынан резеңке етік шешпеген алғабастықтардың ендігі шыдамы шегіне жетті.

 «Жүру мүмкін емес! Міне, аяғымыз, түріміз! Күнде жұмысқа барып  қайтудың өзі қиын боп кетті! Не сұмдық! Шыдамның да шегі бар! Біз не істеуіміз керек, қарапайым халық?!», - деді Серікқазы Рахматулла.

Тұрғындардың айтуынша, былық шенеуніктер құбыр салғаннан басталған. Қармен бірге қазылған жер де еріп, айнала адам жүргісіз ми батпаққа айналады. Халық талай мәрте әкімдікке шағымданып барған. Алайда уәде берген әкімді сол күйі таппай қалады.  

 «Құдай үшін, әкімді емес, жолды ауыстырсыншы! Әкімді айырбастап жібереді, болды, сонымен қалады. Жылда айтады, «ой, жасаймыз, нәтиже шығарамыз» дейді, бірақ жол жасалған жоқ», - дейді Бақытбек Әсемжанов. 

Батпаққа батқан ауылдың жайын өз көзімен көрсін деп, алғабастықтар аудан басшылығын арнайы кездесуге шақырған. Алайда әкім өзі келмей, орнына орынбасарын жіберіпті. Ал ол өз кезегінде халықпен сөйлессін деп, орнына басқа адамды алып келген.   

«Тапсырыс беруші осы энерготиімділік басқармасы! Қаражатты бөлетін осы басқарма! Алатау ауданы әкімдігі емес! Мен сондықтан осы құзырлы мекемені шақырдым, құзырлы мекеме жауап берсін деп айтып отырмын!», - дейді Алатау ауданы әкімінің орынбасары  Бектас Сәбитов.

Жауапкершілікті бір-біріне ысырған басшылық, ақыры батпаққа қатысты пікірін білдірді. Айтуларынша, құбырды салған бойда жолды тегістетіпті. Бірақ солай деп айтуы мұң еді:  «Бірқатар көшеге адамдар жүретін уақытша жол, тротуар жасап қойған. Жоқ, жоқ, жасаған жоқ! Өтірік емес, мен сізге барып көрсете аламын ол жолдарды» жұрт шулап қоя берді.  

Осылай деп журналистерді сендірмек болған әкім орынбасары өз аузынан тапты. Шенеуніктердің жалған сөзіне шыдамаған халық туфли мен италиялық қымбат брендті күрте киіп келген шенеунікті батпақтың үстімен сүйрей жөнелді.   
 - Әкімді батпаққа сүйретеді...

 - Қараңдар, не болып жатыр! Балалар далаға шыға алмай отыр! Серуендей алмай отыр! Бамперімізді күнде құртамыз! - деген (кадрда) көпшілің дауысы естіледі.

Үсті-басы былғанған әкім орынбасары ақыры тұрғындардан қашып тынды. Ал құбыр салуға тапсырыс берген басқарма өкілдері наурыз айының соңына дейін асфальт салуды бастауға уәде берді. Ал оған дейін Алғабас тұрғындарына батпақ кешіп жүре тұруына тура келеді.  
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары