Ақмола облысындағы алтын өндіретін кеніште топырақ опырылып, екі адам үйінді астында қалды. 29 және 30 жастағы кеншілерді 100 метр тереңдіктен өзге жұмысшылар зорға шығарып алды. Қазір екеуінің де жағдайы ауыр, деп хабарлайды КТК арнасы
Ақбейіт ауылының маңындағы кеніште апат сағат түнгі үш шамасында болған. Жер қыртысы опырылып түскенде кеніште екі жұмысшы болған. Олар шахтада тазарту жұмыстарын жасап жатқан. Сол жердегі кеншілер үйінді астында қалғандарды жабылып жүріп жер астынан шығарып алған. Түрлі дене жарақатын алған екеуінің де жағдайы ауыр. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, аудан орталығына жеткізу үшін құтқарушыларды шақыртыпты. Төтенше жағдай қызметінің арнайы көлігі аяқ-қолы сынған кеншілерді ауруханаға таңғы сағат алтыда жеткізген. Жамбас сүйегі сынған, аяғы және басқа да дене жарақаты бар науқастар қазір дәрігерлердің бақылауында.
«Зардап шеккен азаматтардың екеуі де «Айна-Ресурс» серіктестігінің кеншілері. Жолды қар басып қалғандықтан әрі жарақат алған кеншілердің жағдайына байланысты оларды жедел жәрдеммен орталық ауруханаға жеткізуі мүмкін емес еді. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Апат себебін анықтаймыз», - деді Ақмола облысы ТЖД басқарма бастығы Олег Малюк.