Ақтөбеде екі жеңіл көлік соқтығысып, ерлі-зайыпты адамдар көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға облыстық маңызы бар «Покровка-Жаңажол» тасжолында болды.
«Митсубиси-Лансер» автокөлігінің 54 жастағы жүргізушісі Ақтөбе қаласынан Кеңқияқ кентіне бағыт алып, көлік жолда тайып кетті. Салдарынан қарсы бағытта келе жатқан «Тойота Ланд-Крузер» көлігімен соқтығысты.
«Жол апаты салдарынан «Митсубиси-Лансер» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал 52 жастағы жолаушы Кеңқияқ кентіндегі аудандық ауруханасында мерт болды. Осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Абайсызда 2 адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.