Қазақстандық әнші әрі актриса Салтанат Құдайбергеноваға такси жүргізушісі шабуыл жасады. Бұл туралы әлеуметтік желілерде белгілі болды. Полиция департаменті жағдайға түсінік берді, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Telegram-арналардың бірінде такси жүргізушісі мен әнші арасындағы жанжал Наурызбай батыр мен Шевченко көшелерінің қиылысында болғаны хабарланған.
"Алматы қаласында "Индрайвер" такси жүргізушісі қазақстандық танымал актриса әрі әншіні ұрып-соғып, қашып кетті", - делінген видео сипаттамасында.
Алматы қаласының полициясы оқиғаны растады.
"Жәбірленуші алған жарақаттардың ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Содан кейін заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Алдын ала мәліметтер бойынша, жәбірленуші мен такси жүргізушісі арасында жанжал шыққан. Такси жүргізушісі анықталды. Оның әрекетіне құқықтық баға беріледі", - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының басшысы, полковник Есен Ысқақов.
Салтанат Құдайбергенова "Кенже", "Бикештер" телехикаяларына, "Томирис" фильміне түскен. "Арыс жағасында", "Сәлем", "Кең жайлау" және басқа да әндердің орындаушысы.