02.04.2021, 18:00

Ұрылардың жолын кескен полицейлер

фото: ser-per.kz
Мал ұрлығына қатысы барларға қатаң жаза берілетінін Ішкі істер министрлігі растайды.

Мал ұрлығы несібесін сүт пен еттен табатын ауыл тұрғындары үшін өте ауыр тақырып. Жаз болса жайылымнан, қыс болса қорасынан ұсақ, ірісіне қарамай, төрт түлікті өңгеріп кете беретін сұғанақ қолдылармен күрес қай кезде де актуалды. Осы тұста ұрыларды іздеу мен ұстау кезінде қырағылық танытатын полиция қызметкерлерінің еңбегін айтпау кету мүмкін емес. Тақырып төңірегінде Skifnews.kz ақпараттық порталы тарқатып айтып бермек. 

Кентауда қылмыстық топ құрықталды

Кентаудың жергілікті полиция бөлімшесіне екі жәбірленушіден арыз түскен. Біріншісі өз жайылымынан белгісіз біреулердің 5 бас сиырын ұрлап кеткенін айтса, екіншісі жылқысының жоғалғанын хабарлаған. Осы арыз бойынша жергілікті полиция өкілдері істі СДТБТ-ға «Мал ұрлығы» бойынша тіркеп, жедел іздеу жұмыстарына кіріскен. Ал екі жәбірленушінің тараптарға келтірген шығыны шамамен 2 миллион теңгені құрайды.

Жедел-іздестіру шаралары Түркістан облысы ПД Криминалды полиция өкілдері мен Кентау ҚПБ-ның қызметкерлерімен бірлесе отырып жүргізіліп, нәтижесінде төрт қарақшы құрықталды.

Тергеу барысында олардың Түркістан және Кентау қалаларының тұрғындары екені анықталды. Қылмыстық топ өкілдерінің бірі осы кезге дейін мал ұрлығы бойынша сотталған болып шықты. Олар әдетте малды ашық жайылымдар мен қоралардан ұрлап әкетіп, Төлеби ауданы аумағында сататын болған. Ал одан түскен пайданы өз қажеттіліктерін өтеуге жұмсаған.

Қарақшылардың бұған дейінгі 5 мал ұрлау оқиғасына қатысы барлығы анықталды. Оның 4-еуі 2019 жылы, 1-еуі 2021 жасалған. Жалпы ұрланған мал саны 16 ірі қара мен бір жылқыға жетсе, келтірілген шығын сомасы 16 миллионнан асып түскен.

 Полиция өкілдері қолды болған жылқыны өз иесіне қайтарып беріп, қылмыстық топтың басқа да осыған ұқсас оқиғаларға қатысы бар-жоғы анықтауда. 

Сонымен қатар, Түркістан облысының полицей өкілдері малды жайылымда қараусыз қалдырмауға, мүмкіндігінше бақташы жалдауға кеңес береді. Одан бөлек, қора-жайлардың қоршауын нығайтып, мал жоғалу фактісі орын алған жағдайда тез арада «102» нөміріне хабарласуды тапсырды.

Ірі қара ұрлығының алдын алды

Төрт түлікті заңсыз меншіктеп алып, иемденуге қатысты шаралар қатаң тәртіпке енгенімен, ірі қара мен ұсақ малдар ұрлығы әзірге азаймай тұр. Дегенмен көп қарақшы көзі қырағы, қолы ұзын полицейлердің уысынан оңайлықпен сытылып шықпақ емес. Соның бір дәлелі мына бір оқиға. Алматы облысының полицейлері осы кезге дейін ашылмаған мал ұрлығын анықтап, наурыз айында қарақшыны қолға түсіреді.

Дәлірек айтсақ, Қаратал аудандық полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен отыз бір жастағы ер азаматты ұстайды. Ол Көксу ауданы, Талапты ауылының тұрғыны боп шығады. Күдіктінің үй-жайын тексеру кезінде оның қорасынан бір жирен түсті биені табады. Ал екінші биені сол ұрлаған күні сойып, оның терісі, тұяқтары мен басын өзенге лақтырып жіберген болып шығады. 

Ер азаматтың сөзінше  2020 жылдың желтоқсан айында оның жайылып жүрген жылқыларының ортасына бөтен екі үлкен бие қосылып кеткен. Ол басында биелерді қуып жібермек болған. Сонан соң қайта ойланып, оларды жасырын үйіне айдап әкеліп, қамап тастаған. Қорадан табылған жирен түсті тері сол жылқылардың біреуінікі болатын.  

Бірақ оқиғаның ізін суытпай полицейлер жирен биелердің қожайыны, жәбірленушіні іздеп табады. Ол Тастөбе ауылының елу жеті жастағы тұрғыны боп шығады. Ол өткен жылы желтоқсан айында екі жылқысының жоғалып кеткенін растайды. Тұрғын оларды ұзақ уақыт бойы өзі іздеген. 

Таба алмаған соң, олар бір жерде өліп қалған шығар деген байламға келіп, полицияға хабарламайды. Полицей қызметкерлері оған күдіктінің қорасынан табылған жирен түсті жылқы терісін көрсетеді. Ал тұрғын өз жылқысының терісін бірден таниды. Қылмысы расталған күдікті жәбірленушіге ұрланған жылқыларының өтемін ақшалай беруге міндеттеледі. Тастөбе тұрғыны полицей қызметкерлеріне жасаған көмегі үшін алғысыл білдірді. 

 Аталған факт ҚР ҚК 188-1-бабы 1-бөлігі бойынша СДТБТ-де тіркелді. Күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес УҰИ-ға қамауға алынды, кейіннен сот оған үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасын таңдады.

Полицейлер қарақшылардың жолын кесті

Полиция мал қорадан екі сиыр ұрлаған қарақшыларды ұстады. Жергілікті тұрғын Сайрам аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне мал ұрлығы туралы арызбен жүгінеді. Оның айтуынша, түнде белгісіз біреулер оның қорасында байлаулы тұрған екі сиырын ұрлап кеткен.

Жәбірленушіге келтірілген зиянның жалпы сомасы шамамен 800 мың теңгені құрады. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы «Мал ұрлау» бойынша тіркелген.

Нәтижесінде полиция күдіктілерге дереу іздеу жұмыстарын жүргізіп, ұстайды. Жауап алу кезінде олардың жергілікті тұрғындар екені анықталады. Тергеу барысында белгілі болғандай олар алдын-ала келісіп, түнде қораның есігін еппен ашып, ішке кірген.

Қарақшылардың жоспары бойынша екі сиырды ұрлап, Сайрам ауданына жеткізіп, сол жерде мал базарына сату керек болған. Алайда тәжірибелі полиция қызметкерлерінен құралған жедел топ сұғанақ қолды қарақшыларды дер кезінде ұстады.

Қазіргі уақытта екі күдікті де қамауда отыр. Айғақты зат ретінде алынған ұрланған мал заңды иесіне қайтарылды. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, мал ұрыларының басқа да осындай қылмысты әрекеттерге қатысы бар-жоғы анықталуда.

Мал ұрлығына ІІМ не дейді?

2020 жылдың қараша айында Ішкі істер министрлігі криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев мал ұрлығымен күрес қалай жүргізіліп жатқандығы туралы айтқан болатын.

«Топтық мал ұрлау» түріндегі қылмыстардың алдын алу үшін әр аймақтарда мал базарлары мен ет сататын орындарда оперативті-іздеу топтары үнемі рейд жүргізіп, тексеру жұмыс атқарады. Осылайша жыл басында мыңға жуық мал ұрылары ұсталса, оның 145-і топтық ұрлыққа қатысы болған».

Сол жылғы есеп бойынша Түркістан полиция департаменті Кентау ауданында 19 рет мал ұрлығын жасаған құрамында үш адамы бар қылмыстық топты ұстаған. Ал Батыс Қазақстанда ағайынды Ешовтар құрықталған. Олар осы кезге дейін 52 мал ұрлау әрекеттерін жасап, жалпы саны 170 бастай ірі қараны өз пайдаларына асырған. 

Криминалдық полиция департамент басшысының сөзінше соңғы бес жыл ішінде мал ұрлау ісі 42%-ға азайған. Мысалы, 2015 жылы 8000-ге жуық факті тіркелсе, 2019 жылы 4500 оқиғаға қысқарған. Ал ұрланған мал басы 38%-ға төмендеген. Атап айтсақ, 25 мың бас төрт түліктен 16 мыңға дейін. 

Одан бөлек, ақпан айынан бастап, Қылмыстық кодекске бөлек «Мал ұрлығы» деп аталатын 188-1 бап енгізілген болатын. Ол бойынша мал ұрлау қылмысын жасаған адамға берілетін максималды жаза оның мүлкін тәркілеумен қатар 12 жыл бас бостандығын айырумен өлшенеді.