Қызылордалық полицейлер «Уылдырық» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізуде, деп хабарлады BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп, «Уылдырық-2021» атты жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Іс-шараның жеті күнінде сегіз әкімшілік және екі қылмыстық құқық бұзушылық анықталды.
Сәуір айының 6-сы күні полиция қызметкерлері Арал-Балық инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік шара кезінде заңсыз балық аулаудын екі дерегін анықтады.
Атап айтқанда, Арал ауданы, Көкарал теңізінің жағасындағы тыйым салынған аймақта қайықпен ау салу арқылы бес қап 250 келі торта балығын заңсыз аулағаны үшін Қызылорда қаласының тұрғыны ұсталды.
Сондай-ақ, сол күні дәл осы тектес жағдайда 200 келі торта балықтарын аулағаны үшін Арал ауданының тұрғындары ұсталды. Айғақ заттар алынды. Екі дерек бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 1-бөлігімен (Заңсыз балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.