$ 444.32  473.33  4.76

«Полициядан қайыр жоқ»: Алматы тұрғындары есірткі сатушыларды өздері ұстауға көшкен

Тұрғындар үй арасын тіміскілеп жүрген күдікті адамдарды көріп, қуып барып ұстап алыпты.
фото: видеодан скриншот
фото: видеодан скриншот

Алматы қаласының тұрғындары жергілікті полицияның қызметін атқарып, қылмыспен өздері күресуге мәжбүр болып отыр. Полицияға айтқанмен қайран жоқ, тұрғындар амалсыз есірткі сатып жұрттың мазасын алатын наркомандарды өздері ұстауға көшкен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы блогер Дәулет Төлеутайұлы өзінің инстаграмм парақшасында жариялады. 

"ЖАН АЙҚАЙ! Қорқыныш!
Алматыдағы Алатау ауданына қарасты “Томирис”шағын ауданы тұрғындары жергілікті Полицияның жұмысын істеп, қылмыскерлерді ӨЗДЕРІ ұстап жүр. Алдымен тұрғындар наркоман болуы мүмкін адамдардың жер қазып, тіміскілеп, бірнәрсе іздеп жүргенін айтып, полицияға хабар береді. Полиция шара қолданбаған соң өздері ұстауға көшкен. Бөтен адамдардың күдікті тірлігін бірден байқаған тұрғындар полицияға бірнеше рет бұл жағдай туралы айтып, "көшеде наркомандар қаптап кетті", - деп хабар береді. Алайда, құқық қорғау органдарының ісіне көңілі толмай, 31 арнаға жүгінеді. Жеті түнде оқиға орнына барған әріптесім @alibek_shyntemir_31tv-тің жұмысына кедергі келтіріп, қолын қайырған.

Осы жағдай ашындырған тұрғындар мына видеоларды маған да жіберуде. Кейде біздің полиция кімді қамап, кімді қорғауды шатастырып алады-ау деймін осы?!

Ал Томиристіктер бүгін де әлгі есірткіге ұқсас ұнтақты саудалап жүргендерді ұстап алыпты. Жергілікті полицияға сенбейтін тұрғындар болса, шыр-пыр болып жоғарғы жақтан көмек сұрауда", - деп жазған ол өзінің instagram парақшасында. 

Полициясының қызметін атқаруға мәжбүрміз деген Алматылық тұрғындардың шағымы 31 арнаның Информбюро жаңалықтарынан да көрсетілді.

Арнаның айтуынша, Томирис шаңын ауданының  тұрғындары түнде есірткіге ұқсас ұнтақ сатып алған адамдарды қуып жүріп ұстап алған. Осы ауданға қарасты Томирис шағын ауданының тұрғындары бұған дейін де полицияға шағымданып, белгісіз біреулер үй ауласын қазып, ұнтақ тығып кеткенін айтқан, алайда жергілікті полиция еш шара қолданбапты. Сосын амалсыз өздері іске кіріскен.

Жаңалықтар қызметінің мәліметінше, томиристиіктер бір түннің өзінде жиырма шақты адамды ұстап қаматыпты. Тұрғындар үй арасын тіміскілеп жүрген күдікті адамдарды көріп, қуып барып ұстап алыпты. Айтуларынша олар пышақ алып, сес көрсетіпті. Алайда бұған дейін де полицияға күдіктілерді ұстап берген жұрт одан қаймыға қоймапты.

Осылайша өздерін қорғауға бекінген тұрғындар Алатау аудандық Полицияға арыз да жаздық, шағым да қалдырдық, тіпті міне түні бойы жүріп есірткіге ұқсас ұнтақ толы көлікті де ұстап бердік деп отыр. Олар әлгі ұнтақты алуға келген азаматтар өздерін жын ұрғандай ұстап, көздері шарасына сыймай жүретінін үрейлене айтады.

"Міне мына жігіттің үйіне кірген бес қызы бар үйінде. Құдай сақтаған қайта тиіспеген. Шешесі анасы кіріп қалған қайта. Мына Ерінбетова 5-те тұратын азаматтар наркотик сатып алып келген жерінен ұстадық. Такси айтады Достық плазадан барып бір частный домнан сатып алды дейді", - дейді Томирис ауданы тұрғыны Қайрат.

Тұрғындар белгісіз көліктер жиі-жиі келеді деп, осы үйді торуылдап аңдыпты. Үйдің сырты қарапайым болғанымен, сыртында камера, келген кеткен адамды анық көрсетер дәу прожектор жарығы. Ауданның тыныштығын күзеткен жұрт бүгін Алатау аудандық Полиция басқармасынан бастап, аудан әкімдігіне дейін шағымданып барды. 

"Күні кеше ғана бұл азаматтар тағы да сол Томирис ықшам ауданының тұрғындарымен ұсталып, полицияның қолына табысталған болатын. Олардың жеке басын тінту кезінде есірткі заттарға ұқсас заттар табылды. Болжамымыз бойынша ол мифидрон болуы мүмкін. Ауыр синтетикалық зат", - дейді Алматы қаласы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Ал, осы оқиғаны түсіруге барған журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, күш көрсеткен полицейлерге қатысты Алматы департаменті тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары